Ертең Отырар ауданында ақынның жаназасы шығарылып, Қоғам ауылдық зиратына жерленеді.
Алматыда көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қалың жұрт ақынмен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қоштасты.
Қоштасу рәсіміне келген жұрттың қарасы көп болды. Марқұмның денесі қойылған театр сахнасында "Біз шыққан тау – шындық тауы, Барлық таудан биік тау!" деген ақынның бір шумақ өлеңі жазылды.
Қаралы жиынға ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер жиналды. Оның ішінде парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархат Сатыбалды, ақын Ұлықбек Есдәулет, парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев бар. Әнші Димаш Құдайберген де ақынның рухына тағзым етті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Хатта ақынның жалынды жырларын қалың оқырман сүйсіне оқығаны, шығармалары көптеген шет тіліне аударылғаны, өнегелі өмір сүріп, артына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халықтың жадында мәңгі сақталатыны жазылған.
Сондай-ақ, Қырғызстаннан да үлкен делегация келді. Қырғыз жазушысы Шолпонбек Абыкеев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізді.
Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Ол Мұхтар Шахановтың қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңірген сирек тұлғалардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың сексенінші жылдары оқырман қауымға "Танакөз" поэмасымен танылып, әдебиетке ә дегеннен-ақ ерекше құбылыс болып енді. Бұл шығарма сол кездегі "Лениншіл жас" газетінде екі нөмірге толық жарияланып, оқырманға үлкен серпіліс әкелді.
"Содан бері Шаханов қазақ поэзиясының биік бір белесіне айналды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында, қазақ жастарының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта, Шаханов Мәскеуде үлкен поэзиялық кеш берді. Бұл – сол кездегі тоталитарлық жүйеге қарсы жасалған батыл рухани қадам еді. Ақынның бұл кеші бірнеше сағатқа созылып, ол жерде ұлт, ел, жер туралы өршіл жырларын оқыды. Бұл – Жамбыл Жабаевтың Кремльде қазақша жыр оқыған тарихи сәтінен кейінгі ірі поэзиялық оқиға ретінде бағаланды. Мұхтар Шаханов – Махамбет Өтемісұлынан кейін шындықты тайсалмай айтқан, ешкімнен қаймықпаған сирек ақындардың бірі. Оның азаматтық үні әрдайым халық жағында болды. Тайсалмады, тартынып қалмады. Егемендікке дейін де, егемендік жылдары да Ана тілінің айбынын көтеріп, абыройы үшін аз күрес жүргізбеді. Мұнысына мұқым қазақ куә. Сөйте-сөйте ұлтының асыл перзентіне айналып кетті. Марқұмның жаны жәннаттың төрінде шалқысын", – деді Мереке Құлкенов.
Оқи отырыңыз: "Өлімі де өнеге ғой алыптың". Ақын Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармаларына шағын шолу
Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуірде 84 жасына қараған шағында дүние салды.
Шахановты жерлеу рәсімі ақынның аманатына сай Отырарда өтеді. Халық жазушысы Арыстан баб кесенесінің маңында орналасқан "Қоғам" ауылдық зиратына жерленеді. Сол жерге үлкен кесене тұрғызылады.









